Қазақстандық санавиаторлар жедел медициналық көмек көрсету бойынша үздіктер қатарында

Сейсенбі, 20 Қазан 2015.

Республикалық санитариялық авиация орталығының командасы жедел медициналық көмек көрсету бойынша халықаралық жарыста жүлделі орынға ие болды деп хабарлайды Bnews.kz.

      ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі баспасөз қызметінің ақпараттары бойынша Дубингяй қаласына және Гиряйчяй ауылына (Литва Республикасы) келген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Республикалық санитариялық авиация орталығының командасы жедел медициналық көмек көрсету бойынша үшінші жүлделі орынға ие болды.

   Литваның жедел медициналық жәрдем мекемесінің бірлестігі, «Kriziu tyrimo centras» ЗАО («Күйзелістерді зерттеу орталығы») және Литваның жедел медицина қоғамымен ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстанның атынан директордың медициналық қызмет жөніндегі орынбасары Гұмырбек Рахымбекұлы Ағыбаев, дәрігерлер Борис Валерьевич Сартаев, Елена Владимировна Рябинина және фельдшер Светлана Викторовна Ушакова қатысты.

   Жарысқа қатысушылар жедел медициналық көмек көрсету кезінде Американдық жүрек бірлестігінің (АНА American Heart association) және Европалық реанимациялық кеңестің (ЕRС European Resuscitation Council) заманға сай тағайындауларын басшылыққа алды. Ситуациялық тапсырмаларды орындаған кезде манекендер пайдаланылды. Жарысқа қатысушылар 10 минут аралығында пациенттерді біріншілік және нақты (екіншілік) тексеру, анемназ жинау, басым проблемаларды анықтау, тиісті емді тағайындау және тасымалдау сияқты тапсырмаларды орындады.

   Қазақстандық мамандар жақсы білікті білімдері мен машықтарын көрсетті, сондай-ақ Европа елдерінде қолданылатын стандарттарға сәйкес жедел медициналық көмек көрсету саласында үлкен тәжірибеге ие болды.

    Литваның жедел медициналық жәрдем мекемесінің бірлестігімен және Литваның жедел медицина қоғамымен қазақстандық командаға іс-шараны  ұйымдастырудағы құлшынысы мен серіктес болғаны үшін алғыс жарияланды.

    Республикалық санитариялық авиация орталығының медициналық қызметкерлерінен басқа Литваға Алматы қаласындағы Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының командасы барды, сондай-ақ бақылаушылар ретінде Астана қаласы Оқу-клиникалық орталығының қызметкерлері де жарысқа қатысты.

    Жедел медициналық көмек көрсету бойынша халықаралық жарыстар Литвада 9 жыл аралығында жыл сайын өткізіледі. Ағымдағы жылы жарысқа Европа мен ТМД мемлекеттерінің 31 командасы қатысты.